Қаратай

Қаратай

...Катонқарағай ауылының кіреберісіндегі Қаратай батырға арналған ескерткіш. Мүсінші Жеңіс Молдабаев. 28.09. 2015.Ел ақсақалы Бошай Кітапбаев үш томдық «Шежіре» атты кітабында Қаратай елінің қайдан шыққанын жан - жақты таратып жазды. Ақсақалдың айтуына қарағанда, Қаратайдың азан шақырып қойған аты Кенжебай болса керек. Бала кезінде ол Алтай өңірінде өткізілген бір үлкен адамның асында тай жарысында өзі мінген қара таймен бәрінен озып келіпті. Бәйгені тамашалап тұрған көрермендер «Қаратай келеді, Қаратай келеді!» деп айғайлап, кейіннен сол қара тайға мініп шапқан бала Кенжебай - Қаратай атанып кетсе керек. Қаратаймен бәйгеден келген баладан ел сөзін сөйлеп, ерлік үлгісін қалдырған Қаратай батырға дейінгі тағдыр ел арасында қалай баяндалады? Тайға таңба басқандай нақты құжаттар қолға түспегенмен, ауызша деректерде Қаратайдың от ауызды, орақ тілді би болғаны, оның атақты Қарасай батырмен бір тұста өмір сүріп, қол бастағаны жиі айтылады. Ал шежірешілер Қаратай әулетінің баянын былай тарқатады: тоғыз таңбалы найманның бір таңбасы Ергенектіден Сарыжомарт, Бура, Көкжарлы тарайды. Көкжарлыдан жеті Көкжарлы атанып кеткен жеті ұл - Андағұл, Жәрке, Қайқыберді, Қаратай, Құдайсүгір, Тәңірберді, Тілеуберді өрбиді. Ал Қаратайдан тараған Сарғалдақ, Дәулет, Шоңмұрын, Шеруші, Кәлім, Болат және олардың ұрпақтары тұтасымен Қаратай елі деп аталады.

Ел мен жер тарихына жетік жазушы Қ.Ысқақ Қаратайдың қол бастаған ерлігіне орай: «...Қилы - қилы заманда Сырға дейін босып, бабасының моласын Қаратауда қалдырып, атасының зиратын Арқадағы Тайатқан- Шұнақта тастап, Маңырақтан атамекені Катонқарағайға XVIII ғасырдың ортасында сүлдерін сүйретіп зорға жеткен Ергенектінің Қаратайы» деп баяндайды...

«Тайатқан Шұнақтағы» Қаратай батыр кесенесінің бұрынғы көрінісі. 2001 жыл. Арқадағы Манақа өзені бойында найманның Қаратай деген руы өмір сүргені туралы деректі Н. А. Аристов баяғыда  1897 жылы «Заметки об этническом составе тюрских племен и народностей и сведения об их численности» деген еңбегінде жазып кеткенін білікті ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қойшығара Салғараұлынан да естігенбіз.

Белгілі ғалым, жазушы Ақселеу Сейдімбек жазушы Әлібек Асқаровқа телефон шалып: «Сендер «Фолиант» баспасынан 2008 жылы шыққан менің  «Қазақтың ауызша тарихы» деген кітабымның 273-274 беттерін ашып қараңдаршы», - деген екен. Қарадық. Онда былай жазылған: «Қаратай елі. Қазақстанның шығысында, Алатай алабының Катонқарағай өңірінде Шабанбай жайлауы деген жер бар. Бұл жайлауды ертеден бері найман ішіндегі Қаратай елі мекен етеді. Жердің жаннатындай Шабанбай жайлауын қоныс еткен елдің еңсесі биік. Осыған орай айтылса керек, ел аузында: «Шабанбайдай жер қайда, Қаратайдай ел қайда?!»

Кесененің реставрация жасағаннан   кейінгі түрі. 2015 жыл....Бүгінде Катонқарағай ауылында Қаратай батыр атында саябақ ашылып, ауылдың кіреберісінде батыр бабаға ескерткіш мүсін орнатылған.

 

Қайырды Назырбаев.

Назырбаев, Қ. Катонқарағай [Мәтін]:  – Астана: Фолиант, 2011. – 280 б.


Басып шығару   E-mail