Райыс

Райыс

Райыстан Көркем, Исақан, Бәтима және Дос туған. Райыс арабша оқыған, ескіше сауатты болған адам. Тұрмысы орташа шаруа болғанымен, екі баласын уақытында отау тіктірген екен.

Дос - Әбдікерім болыстың биі атанған, жағы жоқ шешен болған. Райыс екінші ұлы  Досқа сол Таңба ауылындағы (қазіргі Еңбек ауылы) Уақ руының қызы Дүрияны  әперген. Дүриядан Сандуғаш, Қарлығаш деген екі қыз туған. Дүрия Доспен біраз жыл ғана отасып қайтыс болады. Қызы Қарлығаш бертін соғыс жылдары колхоз жұмысшыларымен далада шөп шауып жүрген жерінде  найзағайдың оты – жасын түсіп өмірден қайтты. Ал, Сандуғаш болса, күйеуге шыққан соң, Еңбектен арбамен, бірішкемен қалаға бидай тасып жүріп, судан өтіп бара жатып арба ауғанда, арбаның астында қалып, суға тұншығып қайтыс болады.

Досқа екінші әйелі Сарқыт туралы деректі көбірек табуға болады. Достың бірінші бәйбішесі Дүрия қайтыс болғанда күллі Қаратайдың қыздарына қарамай, сонау Тарбағатай асып Мұзбел, Татан, ары жағында Қытаймен шекаралас отырған он екі Абақ-керейдің Кебіс деген байының қызы Сарқытқа құда түсіпті. Сарқыттың Досқа ұзатылуы жайлы қызық оқиға да осы әңгімеде жазылған. Кезекті жазушының «Апамның астауы» әңгімесіне берейік:

«Апам - Алтайдың арғы бетіндегі Керей елінің қызы. Әкесі аса бай болған, текті тұқымның тұяғы. Апам еркелеп өскен жалғыз қызы, он беске толған соң; іргелес байдың ұлына жасауын беріп сыңсыта ұзатқан екен. Өз заманының аса көрікті қызы, әрі он саусағы өнер Апам босаға көрген бірер жылында-ақ, маңғаз, инабатты, пысық келін атанады. Содан, бір күні екі кештің арасында, басқа ауылдан сый қонақтар келіп, тай сойып, тай қазан ет асып жатқан шақта, жер-ошақтағы отты үрлей берем дегенде, Апамның шылауышына шала тиіп, лап етіп жанады. Тыртыстыра тар киген, екі жақтауы зерленген кимешек-шылауыш шешілмей, бет-аузы түгел күйіп қалған екен. Күйеуі де ізгілікті жақсы жігіт болған. Алты ай емдетіп, шыбын жанын аман алып қалыпты. Келіншегім жарымжан болып қалды деп кезептенбей, тату-тәтті өмір сүріпті. Алайда, бір жылдан соң өзі дүниеден қайтып, жесір қалған Апам төркініне оралған. Осы шақта Алтайдың теріскей бетіндегі Әбдікерім болыстың биі атанған жақ жоқ жоқ шешен жігіт, біздің атамыз Достың қатыны өліп, қыз таңдап бұлаңдап, қыр қыдырып, жер сыдырып жүрген. Әрі сері, әрі атақты, салт басты, сабау қамшылы жігітке тиеміз деп, бүкіл Қаратай елі қыздары қырылып қала жаздапты. Бірақ біздің атамыз бірде-біреуін менсінбеген. Сол менсінбеген қалпы, "Ауылдағының аузы сасық" дегендейін, Алтайдан асып арғы беттегі Керейден жар таңдайды. Күйеуі өліп, бет аузын күйік шалған Апамды көріп, атының артына мінгестіріп бір-ақ түнде алып қашып кеткен. "Дос келіншек әкеле жатыр, қырмызыдай құлпырған бізді көзіне ілмеп еді, Керейден алған қызы ай мен күндей сұлу шығар, көрелік" деп, алдынан шықса, ерні салпиған тыртық біреу екен, тамам қыз бетін шымшып күліпті. Сонда атамыз айтыпты: «Ей, Қаратайдың қатын-қыздары, неменеге жетісіп күлесіңдер, менің келіншегім "Еліңнің қыздары мынау ма" деп сендерге ернін шығарып отыр" - деп, сөз тауып кеткен екен марқұм.

Оралханның ата-анасы алыста малда жүргендіктен, әпкелерімен бірге Оралхан да көбінесе осы Сарқыт әжесінің тәрбиесінде болған. Ал көпті көрген әже тәрбиесі қашанда өнеге мектебі болған ғой. Ал Оралханның өзі әжесінің тәрбиесі жайлы осы «Апамның астауы» әңгімесінде өте жақсы баяндаған.

Райыс тұмасы жайлы бірер сөз. Осы бір қайың мен талы аралас масатыдай құлпырған қасиетті жерді арғы бабалары Ұзақ өз ұрпақтарына тіршіліктің тірегіндей етіп иелікке қалдырған. Топ шіліктің түбіндегі қысаңдау келген саладан жер астын тесіп қайнап шығып жатқан қайнарды күллі Шыңғыстай жұрты Райыс тұмасы дейтін. Өз заманында тым терең болмаса керек, жадағай саланың түбі үнемі суланып жатқанын көрген Райыс «бұлақ көрсең көзін аш» деген ұлылардың сөзін пір тұтып, тұманың көзін ашқан екен. Содан бері кейінгі ел Райыс тұмасы деп атап кетті. Райыс ұрпағына берекелі суын сыйлаған Райыс тұмасы болды.


Басып шығару   E-mail